08.01.2024

Алдағы күндерде дүние жүзінің православ христиандары Крещение мерекесін атап өтеді.

Алдағы күндерде дүние жүзінің православ христиандары Крещение мерекесін атап өтеді. Діни ғұрыпты атқаруға ықылас білдіргендер аязда мұзды суға түседі. Ал медицина тұрғысынан бұл адам ағзасына қалай әсер етеді? Бұл туралы Elorda.info тілшісі №10 қалалық емхананың салауатты өмірді сақтау дәрігері Гүлмира Иманбаевадан сұрап білді.
– Гүлмира Қалиқызы, Крещение мерекесі кезінде салқын суға түсу шынықпаған адамдардың ағзасына қалай әсер етеді?
Егер адам суық суға бірінші рет түспекші болса, міндетті түрде дәрігерден кеңес алғаны дұрыс. Себебі суық суға шомылу шынықпаған адам үшін қауіпті. Тынысы тоқтап, есінен танып, аяқ-қолы тартылуы мүмкін.
Жүйке жүйесі, жүрек қан тамырлары, буындары ауыратын және инфекциясы бар адамдарға, сонымен қатар аяғы ауыр әйелдерге, созылмалы ауруы бар адамдарға шомылуға болмайды. Балалар мен қарт адамдарға да абай болған дұрыс.
-Қыста мұздай суға шомылудың қандай ережесі бар?
Алдымен, шешінуді аяқтан бастау керек, суға да аяқпен кіру керек, баспен сүңгуге болмайды. Ал судан шыққанда, керісінше, бірінші бас киім киіп, содан соң денені жабу керек.
Суға түсіп болған соң ыстық шай, жылы сұйықтық ішкен дұрыс. Шомылар кезде ауаның температурасының 21-23 градустан төмен болмауын, ал судың температурасының 17-19 градустан төмен болмауын қадағалау қажет. Әрі суық суда 40 секундтан артық тұрмаған жөн. Судың температурасы өте төмен болған жағдайда 5-8 минуттың өзі өлімге әкеп соғуы мүмкін.
– Ал суық суға шомылуды әдетке айналдырған жандардың ағзасында қандай процестер жүреді?
Жалпы, қыста мұздай суға шомылу денсаулықты сауықтырады. Үрей мен қорқынышты жеңе білудің өзі ағзаны шынықтырады ғой. Адамның иммундық қабілеті күшейіп, түрлі маусымдық ауруларға төтеп бере алады. Егер тұрақты айналысатын болса, қан айналымы жақсарады, себебі мұздай суға түскенде денедегі күре тамырлар белсенді жұмыс істейді, көңіл күй көтеріледі, қуаныш гармондары бөлінеді, зат алмасу процессі жанданады. Ағза жылуды сақтау үшін қосымша калорияларды қажет етеді, ал бұл семіздіктен құтылуға көмектеседі.
Суық су күйзеліс пен шаршағанды басады, адамда өзіне деген сенім пайда болады.